08 Желт 2020
Жаңалықтар

ЕЛ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН БОЙ КӨТЕРГЕН ҒИМАРАТ

8 қазан күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Ойыл ауданында атқарылған әлеуметтік-экономикалық бағыттағы шаруалармен танысты. Өңір басшысы Ойыл ауылындағы демеушілердің ат салысуымен 16 млн тг қаржыға  салынған аудандық балалар музыка мектебіне ат басын бұрып, нысан ішін аралап, талантты  балалардың  өнерін тамашалады.

Ойыл ауданының өркендеп өсіп, дамуына өңірде туып өскен азаматтардың қосқан үлесі орасан зор. Солардың бірі туған жері үшін білек сыбанып қызмет атқарып жүрген Талғат Салфиков. Өңірдің бұдан бұрын да алға жылжуына қаржылай көмек қолын созып жүрген азамат бұл жолы да жас өнерпаздар даярлайтын қосымша білім беру орталығының бой көтеруіне мұрындық болды.

Бір жазда бой көтерген музыка мектебінің бүгінде құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды. Заман талабына сай барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмысы толық аяқталып қызметтік жұмысын бастаған ғимаратты, бас демеуші Талғат Салфиков өз көзімен көріп, сапалы жұмысқа оң бағасын беріп, қызметкерлер мен болашақ талантты өнерпаздарға ыстық лебізін білдірді. Бәрімізге белгілі Ойыл өңірі талантты жастардың нағыз ошағы. Талай дүбірлі додаларда оза шауып, шабысына шаң ілестірмес дарындылар ауданымыздың атын шығарып жүргені бәріне аян. Бұған дейін ескі ғимаратты місет тұтқан өнердің жанашырлары енді су жаңа ғимаратқа орналасып түрлі байқауларда алдыңғы қатарларда көрінуге ниетті. Өнерпаздар мен оқытушылар жаңа оқу жылын жылы, жарық, жайлы ғимаратта бастағандарына аса қуанышты. Өнерпаздар мектебінде бүгінде 17 қосымша білім беретін педагог қызмет атқарады. Сонымен қатар 300-ге жуық талантты жас өнерпаздар өнер орталығында білім алуда. Олар 7 бағыт бойынша соның ішінде эстрадалық вокал, домбыра, қобыз, баян, дәстүрлі ән, хор, би бөлімдері бойынша білім алуда. Бұған дейін де түрлі өнер байқауына қатысып, талай жас талантты ұядан ұшырған өнер ордасында қазірдің өзінде мекеме жанынан құрылған «Үлгілі «Маржан» би ансамблі, «Үкілі домбыра», «Жауқазын домбырашылар», «Алақай» хоры жұмыс жасап келеді. Олар облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Қазіргі таңда өнер орталығы карантин талаптарын сақтай отырып жаңа ғимаратта өз жұмысын бастап кетті. Лаззат Сабиржанованың айтуынша, осы уақытқа дейін ғимараттың жоқтығынан түрлі қиындықтарға тап болған жас таланттар үшін бұл жаңа ғимараттың бой көтеруі ерекше қуаныш екендігін айтады.

«Бұл жаңа ғимарат біз үшін үлкен арман болған еді. Қаншама жылдар бойы ескі ғимаратта, одан кейін ол ғимарат апаттық жағдайда болып басқа ғимараттарға ауысып жүрдік. Осы уақытқа дейін ата-аналардың, оқушылардың, ұжым қызметкерлерінің су жаңа ғимарата ауысуы арман болып келген. Осы арманымызға, ұсынысымызға қолдау көрсеткен Талғат Салфиков мырзаға үлкен алғысымызды білдіреміз. Сол кісінің қолдауы мен демеушілігінің арқасында, сонымен қатар аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы сынды ел азаматтарына алғысымыз шексіз. Бастаманы дамытып осы күйге жеткізу үлкен еңбектің жемісі деп білемін» - дейді. Елім деп езіліп, жұртым деп жұмылып қызмет етіп келе жатқан ел азаматтарының арқасында Ойыл ауданы тағы бір жаңа ғимаратпен толықты. Боламын деген баланың бетін қақпай, белін буған барша қолдаушы азаматтардың арқасында алыстан көз тартатын музыка мектебінің өз алдына бөлек шаңырақтарын көтергеніне көпшілік те дән риза.

Пайдалы ақпараттық ресурстар