Екпетал мектеп-балабақшасы Екпетал селосында орналасқан ауданымыздағы негізгі орта білім беретін білім ошақтарының бірі. Іргетасы сонау 1973 жылдан бастау алатын білім ордасы 2001 жылға дейін 4 кластық бастауыш білім берсе, 2001 жылдан бастап негізгі мектеп болып құрылды.
Мектептің алғашқы директоры болып Ы.Алтынсарин атындағы халық ағарту ісінің үздігі Гүлнұр Абдрахманова тағайындалып, зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін басқарды.
2009 жылдан бастап білім ошағының тізгінін ұстау Дәулетов Алтай Ойнарұлына жүктелді.
Бүгінгі таңда осы ұжымды ұйымшылдықпен басқарып отырған Жумагулова Гүлнұр Амангелдіқызы бастаған көшін жолда қалдырмайтын көреген басшы ретінде ұжымда сый-құрметке бөлініп, түрлі деңгейдегі шаралардың жоғары дәрежеде өтуіне мұрындық болып келеді.
Сондай маңызды шараның бірі облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған акция аясында 19 мамыр күні өткізілген «Табиғаты көркем- киелі мекен -Екпетал» атты түлектермен кездесу кеші.Бір кездері мектебімізден түлеп ұшқан, қазіргі уақытта еліміздің әр түкпірінде тіршілік етіп, қызмет атқарып жүрген түлектеріміз ұйымдастырылған шараға ерекше бір ықыласпен келді. Олардың басын біріктірген басты қозғаушы күш- туған жерге деген құрмет. Шараға мектебіміздің алғашқы директоры Абдрахманова Гүлнұр апай және ардагер ұстаздарымыз Өтеулиева Ақзер апай мен Сарбасова Гүлжан апайларымыз арнайы келді. Алғашқы сөз кезегін алған мектеп директоры Гүлнұр Амангелдіқызы Елбасымыз Н.Назарбаевтың мақаласынан туындаған өзекті ойларға тоқталып, мектепте атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндай келе, мектеп бітіріп кеткен түлектерімізге шексіз алғысын білдірді. Шараға 2003,2008 жылы мектептен түлеп ұшқан түлектер шақырылды. Кездесу кешіне келген қонақтарымыз ұстаздарымен кездесіп, үлкен рухани азық алғандарын айтып, ризашылықтарын білдірді. Шара барысында «Түлектер аллеясын» салтанатты түрде ашты. 2003 жылғы түлектеріміз 100 мың теңгеге мектепке баннер және 2008 жылғы түлектеріміз мектептің материалдық жабдықтарын жасақтауға ақшалай 50 мың теңге сыйға тартты. Мектеп түлектерінің осынау бастамасы келешек жас ұрпақ бойына ұлтжандылық қасиетті сіңірді деп ойлаймыз. Жастарымыздың санасы еліміздің рухани жаңғыруы жолында жаңғырып, туған елге тағзым етуді ту еткені көңілге қуаныш сыйлады. Аталмыш бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.